Арманшыл бойжеткеннің үзік сыры

Арманшыл бойжеткеннің үзік сыры
12.04.2017

Кеше якутиялық танымал режиссер Сергей Потаповтың режис­серлігімен «Ассоль» романтикалық спектаклі елордалық көрер­мен­дерге жол тартты. М.Горький атындағы мемлекеттік орыс драма театры труппасының қатысуымен сахналанған қойылым бір апта ішінде әзірленген. Қойылым режиссерінің айтуынша, бұл Қазақстан театр тарихында алғаш рет қолға алынып отырған жұмыс.

А.Гриннің «Алқызыл желкен» повесін заманға лайықтап, жаңашыл кейіпкерлер әлемімен тоғыстырған драматург – Павел Морозов. Бүгінде пьеса шешен, балқар, қазақ, украин тілдеріне аударылған.

«Ассоль»  – жүрегін қолына ұстап жүгіріп жүрген арманшыл бойжеткен туралы бір үзік сыр. Ассоль жүрген жерде дала ән салады, жал-жал теңіз толқындары қанатын сермей билей жө­неледі, айнала шуаққа бөленеді.  Өзгелерге ұқсамайтындығы үшін-ақ жазықты болған жас қызды теңіз жағасындағы Каперн ауылын­дағылар жындыға балап, шет­қақпайлап, қит етсе «бақыт сенің не теңің» деп күлетін еді. Күндердің бір күнінде теңіздің арғы бетінен алқызыл желкені желбіреп жеткен капитан Грэй  сыпсың сөз жайлаған ауылдағы сол бір аруды іздеп келгенде, тұрғындардың көзі тас төбесіне шық­ты.  Бақытсыздар  ентелеген қоғамда бақытты болу мүмкін бе? Сүйіспеншілік­тен жұрдай отбасында сүйкімді бала өсе ме? Спектакль міне осындай сұрақтарға жауап іздейді. Қойы­лым – романтикалық, лирикалық сипатымен және кейіпкерлер арасындағы қарамақайшылыққа толы көріністермен ерекшеленеді.

Спектакль декорациясы бас­тан-аяқ өзгеріссіз қалып, оқиға өте­тін орын ауысарда азмаз бутафориялық детальдармен толық­тырылады. Көрермен назарына ұсынылған лирикалық диалогтар мен музыкалық трактовкасы қойылымнан алатын эстетикалық жағымды әсерді еселей түскендей. Ұтымды мизансценалар кеш бойы үш-ақ орындық пен жарық құралдарының көмегі арқылы әсерлі әрі көрнекі жасалған.

«Мұндай тәжірибелік спектакль Қазақстанда алғаш рет болып отыр. Театр ұжымымен бірлесіп жұмыс істеу қиынға соққан жоқ.  Бұған дейін мұндай тәжірибелік қойылымдарды Ре­сейде 3-4 күнде жасап шық­қан­быз», дейді режиссер С. Потапов.

Бас партия Ассольді Мария Бандышева сомдаса, Ассольдің әкесі Лон­грен рөлін талантты актер Денис Анников алып шықты. Сиқыршы Эгль рөлінде Иван Анопченко, жас капи­тан Грейдің рөлінде Данила Хомко ойнады.

 

Ая ӨМІРТАЙ, «Егемен Қазақстан»