Бақыт іздеген әйел

Бақыт іздеген әйел
21.04.2017

Тұп-тура 140 жыл бұрын жазылған Лев Толстойдың «Анна Каренина» романынан әр режиссер «өз тақырыбын» тауып, өзінше сахналап келеді. Бүгінде әлемдік классикаға айналған шығарма желісі бойынша тағы бір қойылым көпшілік назарына ұсынылды.

Астананың М.Горький атындағы мемлекеттік орыс драма театрында литвалық режиссер Агнюс Янкявичюстің жетекшілігімен «Анна Каренина» сахналанды. Драмалық монтажда режиссердің образдық шешімді ойластыруда азаматтық көзқарасы алдыңғы орынға шыққан.

«Барлық бақытты отбасылар бір-біріне ұқсайды. Ал, бақытсыздарының тарихы әрқилы» деп басталатын сөйлем романның бүкіл жүгін арқалап тұрғандай. Экспозициядағы екеудің айтысы спектаклдің атмосферасын бірден аңғартады. Кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынас, оқиға өзгерісі жұбайлық ұрыс-керіс барысында әйгілене түседі. Режиссер А.Янкявичюс: «2013 жылы М.Горький театрының басшылығы осы тақырыпты сахналауға ұсыныс айтқанда, келіспеген едім. Биыл екіжақты келісімшарт негізінде заманауи өзге шығармаларымды беріп едім, әртүрлі этикалық көзқарас тұрғысынан қабылданбады. Есесіне «Анна Каренинаны» тағы ұсынды. Алғашқыда не істеуге болады деп ойладым. Себебі бұл тақырыпты сахналамақ түгілі, қойып көрсем деген мақсатым да болмаған еді. Өйткені роман – өте әдеби, театр жанрына бейімделе қоймайтын күрделі шығарма. Дегенмен кейде авантюраны ұнататыным бар, ұсынысты осы себепті қабылдадым»,– дейді.

Тұрмыстағы сылқым әйел Анна Каренинаның бекетте жас офицер Вронскиймен кездейсоқ ұшырасуының соңы немен тынарын сол кезде ешкім білмеген-тұғын. Қойылымнан жалындаған махаббат жолындағы күрес пен жанпидалық іздесеңіз, жаңылысқан болар едіңіз. Жанұшыра бақыт іздеген бақытсыз әйелдің жандалбасалауы латвиялық режиссердің көркем шығарма табиғатын өзге қырынан танытқан поэтикалық шешімі деп айтар едік.

– Өз жұмысым туралы айта қоюға бейілді емеспін. Әдетте Анна Каренина туралы айқанда махаббат тарихы, лирика, сезім туралы сөз қозғап жатады. Құдай сақтасын, бірақ мен бұл шығарманың бойынан мұндай ештеңе көріп тұрғаным жоқ, – дейді режиссер.

Спектаклдің көркемдік, идеялық мазмұнын ашуда Анна Каренина, жұбайы Алексей Каренин мен көңілдесі Алексей Вронский үштігінің маңызы зор. Әжімді жүзіне қасірет ізі ұялаған Александр рөліндегі Роман Чехонадский сахнаны арпалыс майданына айналдыра алды. Сахналық бейненің жан-дүниесін түсініп, психофизикасын сезіне білген екінші жан болса, ол – Светлана Фортуна (Анна Каренина). Көз жасымен де, шат күлкісімен де көрермен ойына қозғау сала білген актрисаның суреткерлік тұлғалығы айшықтала түскендей.

Ішкі сарай және шынай зауықпен ойнап шыққан жұлдызды актер труппасында бұлардан бөлек Максим Ященко (Алексей Вронский), Александр Корженко (Стива Облонский), Нина Дроботова (Лидия Ивановна), Сергей Маштаков, Оксана Бойко мен Санжар Рахимов бар.

Оқиға бастан-аяқ Аннаның жатын бөлмесіндегі қос төсек маңайында өрбиді. Күңгірт сахнадағы кеуделері кек пен ызаға, өкпе мен ренішке толы кейіпкерлердің алқынысы бірсарындылығымен спектакльдің темпоритмін түсіріп жібергендей.

Қойылым туралы қандай да бір сәуегейлік танытудан аулақпыз, тек жазушының шығармашылығын қадір тұтатын, рухани «пір» санайтын оқырман қауым бей-жай қалмаса керек.

 

Ая ӨМІРТАЙ, «Егемен Қазақстан»